Дактиль
Данила Тоқтасынова
Жалпы сипаттама. Алмаз Әмірбекұлы Мырзахметтің 2021 жылы «Дежавю» атты кітабы жарық көрді. Кітап өзінің атынан бастап, әр әріпіне дейін, бізді қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жанрмен таныстырады. Жинаққа 11 шағын 2 көлемді әңгіме енген. Әр туынды автордың құпиясын сол күйі ешбіріне ашпай, оқырманның ойын онға, санасын санға бөліп жіберетін қасиетімен ерекшеленеді.
Мистика. «Теміржол қиылысында» әңгімесінде бас кейіпкер ұнататын құрбысына сөз айта алмай уақыттың «мазағына» түсіп қалады. Оның теміржолдағы оқиғаны қайта-қайта басынан неліктен өткеріп жатқанын автор ашып түсіндірмейді. Алайда, сөздер арасына жасырынған мистика қылтитып басын көтеріп, көрініп қала бергендіктен түпсанаңмен қабылдай бастайсың. «Жазушы жазбасы» әңгімесі мүлде шым-шытырық болғаны сондай, автор тағы да қиялын асырып, кейіпкерлер мен жазушыларды бір әлемге тоғыстырады.
Психология. «Қуыршақ» туындысында бір бөлмелі пәтерде қойылым қойғысы келген актрисаның өмірін жаны жоқ қуыршақпен салыстыра отырып, психологиялық параллелизм жасайды. Ал «Ұшқын» әңгімесінде өзін шешесінің айтуымен Иса пайғамбардың өзі екенмін деп адасып жүрген байғұс жігіттің өмірін баяндайды. «Автопортретте» суретші өмірінде болған сәтсіздіктерден кейін өмірден баз кешіп, айнаға қарамай өз бейнесін қағазға түсірмекші болады. Тек қағаздағы өзі емес, өзінің бала кезінде көрген адамның суреті болып шығады. «Аноним» әңгімесінде А.Мырзахмет жаны да, тәні де мектептегі мұғалімнің кесірінен зардап шегуші, адамның адамға жасаған қорлығының құрбаны туралы ашына баяндайды.
Хоррор. «Қазық» әңгімесі батыс жазушыларының фильм болып жарыққа шығып жүрген қорқынышты фильмінен кем емес болса, «Өрт» әңгімесін оқып ұйықтамау үшін қиялыңның ұшқыр болғаны жеткілікті.
Күнделікті күйбең тіршілік. «Бақапай» шығармасында қоғамдағы белгілі бір адам тектес, мамыражай халықтың мазасын алатындар туралы анық сипатталса, «Тыныштық» аты айтып тұрғандай тыныштықтың қадірін түсіндіреді. «Дежавю» атты көлемді әңгімесі тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар жайлы баяндайды. Бұл әңгіменің жеңіл оқылатыны сондай, бір отырғанда елу бет оқи алатыныңызға көзіңіз жетеді.
Аңыз. «Көгершін» әңгімесі ертегіге ұқсас болса да оқи отырып, шын өмірде де оқиғаның солай болғанына еш күманданбайтын боласыз. Ал «Бақсы» әңгімесінде қазақ батыры мен қалмақ ханшайымының махаббаты әсем суреттелген.
Сюжет. Автор сақиналы сюжетті яғни, әңгіменің ішінде кейіпкерлерінің әңгіме құрғанын ұнатады (Оны «Бақсы», «Жазушы жазбасы» т.с.с. әңгімелерінен көруге болады). Ал «Теміржол қиылысында» жоғарыда айтқанымыздай қайталана беретін сюжетті қолданады. Бірақ көбіне автор шарықтау шегін бірінші баяндап, кейіннен басынан бастап асықпай, әр кейіпкермен таныстырып, айтып бергенді жөн көреді. Бұл дегеніміз, бірінші кейіпкердің бүгінгі халін сипаттап, кейін осындай күйге қалай түскенін егжей-тегжейлі түсіндіре бастау әдісі (қазір feedback деп айтылып жүр). Мұндайда соңғы жағына келгенде кейіпкерлердің өткенімен таныстырып болған соң, қайтадан осы шаққа алып келіп түйін айтады.
Кейіпкерлер. Автордың кейіпкерлері бір-біріне ұқсайды. Олар өлімді өмірден азат ететін құтқарушы деп ойлайды: «Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі…» (Жазушы жазбасы).
«…адам өмірі шытырман лабиринт ішіндегі жалғыз нүсктеге қарай бағытталған тағатсыз қозғалыс. Ол нүкте, әрине, — Өлім! немесе тағы бір жерінде Мен лабринттан шыққым келеді (Аноним)
О, Құдырет, менің тәнім ғана өлді. Мен оны бар болғаны киім шешкендей тастай салдым! (Қазық)
Автордың атынан айтылады; Аузынан сілекейі ағып… кіші дәретін ұстай алмай қалды. Қандай рахат! — деп жиіркенішті жазады». (Өрт).
Автор жалғыз бөлмедегі, жалғыз кейіпкер жайлы көп жазады. (Автопортрет, Қуыршақ, Жазушы жазбасы). Ол қағаз адамдардың әлеуметтік жағдайын көрсеткісі келгені ме, не автордың өз тәжірибесін ғана жазғаны ма, болмаса кейіпкерлердің психологиясын көрсеткісі келгені ме, әлде қаламгердің өз ішкі жалғыздығын әр кейіпкеріне сала бергені ме, ол жағы белгісіз.
Сонымен бірге автор сыныптастар немесе жалпы тағдырларын мектеп тоғыстырғандар туралы да көп жазған. Жазушы жазбасы, Теміржол қиылысында, Ұшқын, Аноним, Қазық, Дежавю әңгімелерінен кездестіруге болады.
Алмаз Мырзахмет кейіпкерлерінің есімін де әңгіменің ыңғайы мен идеясына қарай қояды. Мәселен Иса пайғамбармын деп жүрген жігіттің есімі — Исраил, ал бір өмір бойына сүйегіне масқараның таңбасы басылған кейіпкердің аты да жоқ. Оны жай ғана «Аноним» деп береді. Әрине, осының өзі жазбаның шынайы көрінуіне әсер етеді. Осыған ұқсас «Қуыршақ» әңгімесіндегі бас кейіпкерді «Актриса» десе, «Автопортреттегі» кейіпкерді «Суретші» дейді. Бұл да жазушының оқырманға неге назар аудару керектігін көрсету үшін берілген деп ойлаймын. Ал «Дежавю» әңгімесінде керісінше позитивтік ұстаныммен жастарға мотивация сыйлау үшін тәуелсіздіктің қаһармандарының есімдерін иеленген кейіпкерлерді ұсынған: Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол. « Біз — тәуелсіздіктің өзі болып дүниеге келдік. Ал тәуелсіздіктің туының астында ерлік жасау дегеніміз- әрқайсысымыздың осы мемлекеттің дамуына үлес қосып, мәртебесін арттыратын нағыз маман иесі болу! Терезесі тең, керегесі кең жұмақ жұртымызды жаһанға таныту!» (Дежавю).
Автордың тілі/поэтикасы.
Автор әр әңгімеге пәлсапалық өз ойын қосып отырады: «Адамның өз-өзімен сөйлесуі оның іштей екіге бөлінуі деп жатады. Негізі бөлінуі дегеннен гөрі, танысуы деген нақтырақ. Шындығында, адам әу бастан бірнеше бөліктен тұрады. Кездескен оқиғаға қарай бір бөлігі билікті қолына алып, қалғандарын не тұншықтырады, не олармен таныса бастайды». Кейде баяншы бас кейіпкердің өзі болады да, көбіне ішкі толғанысқа назар аударады. «Өз кейіпкеріңмен ойнау деген аса қорқынышты және өте қызық». Ал кейбір әңгімелерде әр кейіпкерге сюжетті айтып беру мүмкіндігі ұсынылады: Кемпірдің көршісіне айтқаны; Өз еркімен куәгерлікке келген жігіттің сот тергеушісіне айтқаны; Қаза болған жігіттің емшінің құлағына сыбырлап айтқаны т.с.с.
Автор нақты маркалар мен атауларды детальды түрде бергенді жақсы көреді. Мәселен: Нива автокөлігі, Қарлығаш аялдамасы, Ақжол ауылы, Қарабиік қырқасы т.б.
Сөзбен салатын хас шебер екендігін паш ету үшін суреттеудің де, сипаттаудың да, портреттің де, мінездеудің де сан түрін жасайды. Мәселен, «Ұшқын» әңгімесінде: «Мінезі жібектей жұмсақ, тұла бойы нәзік, арықша келген парталасымның жанында өзімді неге аса қорғанышты сезінгенімді қазір түсіндіре алмаймын». «Дежавю» әңгімесінде: «Бойжеткен көктемнің мінезін түсініп болмайсың: біресе, шұғылалы шуағын төккен күнмен күлімдейді; біресе бұлт жастығына бетін басып жылай салады. Енді бірде жұмбағымды тауып ал деп томсырайып жатып алады. Тағы бір жерінде: Жаңбырдың әр тамшысы-лайықты пернені басу үшін құлаған саусақтардай. Жерге тиіп сыңғырлайды, терезеге кеп тырсылдайды, суға түсіп шолпылдайды».
Солай автор табиғатқа да жан бітіріп, күнде көзімізбен көріп жүрген қарапайым құбылыстың өзін қара сөздің үздік туындысына айналдырады.
Уақыт пен кеңістік. Әңгімелердің көпшілігінде оқиғаның нақты қай уақытта, қай орында болып жатқаны белгісіз күйінде қалады. Автор жоғарыда айтылғандай ондай өзгерістерді әлдебір сырттан келетін тылсым күшке теліп, уақыт пен кеңістіктің сәйкестігіне онша көңіл бөле бермейді. Дегенмен уақыт өте келе бас кейіпкердің қалай өзгергенін көрсететін тұстар да аз емес: «Исраилдің әлдекімді алдағанын, жалған сөйлегенін көрген емеспін. Мұғалімге сабақ оқыған-оқымағанын ашық айтып, кешірім өтінгеніне талай рет куә болғанбыз». Бұл сөздер біршама жыл өтіп, кейіпкер ержеткенде берілген сипаттамаға мүлдем қарама-қайшы болып шығады. Демек, біз оқырмандар уақыт нүктесімен жылжи отырып, кейіпкердің дамудың орнына кері кетіп, адамилықтан арылатынын анық бақылаймыз.
Ұсыныс. «Дежавюдің» әр туындысы көңілге кесек күдік тастап, жүрекке жұдырықтай жара салып, ойыңа сан естеліктерді оралтып, өмірге басқа кейіпкерлердің көзімен қарауға мүмкіндік сыйлайды. Олар әрдайым жағымды қасиетке ие болмағандықтан шығарманы оқып отырып әрі үйренесің, кейде жиренесің.
Данила Тоқтасынова — жазушы әрі сыншы. 21 жаста, Жамбыл облысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Әдеби сын» аталымында.